АСТАНА, 22 қаңтар – Sputnik. Энергетика министрлігі биыл Қазақстанда 90 пайыз отандық бензинмен қамтамасыз етпекші. Бұл туралы бүгін ведомство басшысы Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз былтыр зауыттарда 14,9 миллион тонна мұнай өңдедік. Биыл 1,2 миллион тонна мұнай артық өңдейміз. Осылайша елімізді 90 пайыз отандық бензинмен қамтамасыз етеміз. Тек 10 пайызын сырттан импорттаймыз", — деді министр.
Бозымбаевтың айтуынша, Қазақстанда бензин, БАҚ өкілдері жазатындай соншалықты қымбат емес. Жанармайды біздегіден де жоғары бағаға сататын бірнеше ел бар.
Ведомство басшысы Қазақстанда жанар-жағармайдың резерв қорын құру туралы ұсыныс әзірленгелі жатқанын атап өтті.
"Біз Қазақстанда бензин, дизель, авиакеросин өнімдерінің резерв қорын құру туралы Үкіметке ұсыныс дайындағалы отырмыз. Бұл мәселе пысықталып жатыр", — деп түйіндеді министр.