АСТАНА, 20 қаңтар – Sputnik. Ақтөбе облысының жедел тергеу тобы автобустың өртенуіне қатысты іс бойынша жүргізушілерден жауап алып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан өңірлік ішкі істер департаментіне сілтеме жасай отырып.
"Қазіргі уақытта өрттен аман қалған жүргізушілерден (Қазақстанның үш азаматы) және зардап шегушілерден (Өзбекстанның екі азаматы) болған оқиғаның мән-жайын білу үшін жауап алынып жатыр", — деп жазылған хабарламада.
Жұма күні сағат 19.00 кезінде Ырғыз ауданында өртеніп кеткен автобусты тексеру аяқталды. Оның корпусы Ақтөбеге өрт-техникалық сараптамаға жіберіледі.
Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, оқиға орнынан дәнекерлейтін шам табылған. Негізгі болжам бойынша оны жүргізушілер автобустың ішін жылыту үшін пайдаланған. Сондай-ақ көліктің ішінде бензин құйылған ыдыстың болғаны анықталды.
Мәйітханадағы 52 адамның денесі геномдық сараптама жүргізу үшін Өзбекстанның үкіметтік комиссиясына тапсырылып, көрші елдің төтенше жағдайлар министрлігінің борты Ташкентке ұшып кетті.