Өңірлер

10 миллионның орнына 100 мың: заңсыз сотталушы өтемақы өндіріп алды

© Sputnik / Владислав ВодневТеңге
Теңге - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Екібастұз қалалық соты ер адамды ҚР ҚК 108-бабына сәйкес кінәлі деп тауып, 53 025 теңге айыппұл салған. Алайда Павлодар облыстық соты үкімнің күшін жойған

АСТАНА, 19 қаңтар — Sputnik. Жоғарғы сот Қаржы министрлігінен заңсыз сотталушының пайдасына 100 мың теңге өндірді. 

Павлодар облысының Екібастұз қалалық соты ер адамды ҚР ҚК  108-бабына (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) сәйкес кінәлі деп танып, 53 025 теңге көлемінде айыппұл салған.  Сот сотталушыға қатысты ешқайда кетпеу түріндегі бұлтартпау шарасын қолданған. Алайда Павлодар облыстық соты үкімнің күшін жойып, айыпталушыны кінәсіз деп тауып, оны ақтады. 

Ақорда - Sputnik Қазақстан
Саясат
Елбасы жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы заңға қол қойды
Ақталып шыққан М. заңсыз сотталғаны үшін моральдық өтемақы ретінде Қаржы министрлігінен  10 000 000 теңге өндіріп алу мақсатында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотына шағымданған. 

Сот талап арызды қарай келе, оны қанағаттандырудан бас тартқан. Соттың бұл шешімімен апелляциялық саты да келіскендіктен, арызданушы Жоғары сотқа жүгінген.

"Соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарта отырып, сотталғанға қатысты үкім заңды күшіне енбегенін, үкім орындауға жіберілмегенін, қылмыстық қудалау органдары тарапынан сотқа дейінгі тергеу жүргізілмегенін, талапкерге бас бостандығын шектеу немесе өзгеше мәжбүрлеу сипатындағы қандай да бір шара қолданылмағанын алға тартқан. Жоғары сот органының сот алқасы істі қарау барысында жергілікті соттар тұжырымдарының қате екендігін анықтады", — деп жазылған Жоғары соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. 

Азаматтық кодекстің 923-бабының 1-тармағына сәйкес, заңсыз соттау, заңсыз қылмыстық жауапқа тарту, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алу, үйде қамауда ұстау, ешқайда кетпеуi туралы қолхат алуды заңсыз қолдану салдарынан азаматқа келтiрiлген зиянды анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдары лауазымды адамдарының кiнәсiне қарамастан, заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен шығынды толық көлемде мемлекет өтейдi. ҚПК-нің 38-бабының 1-бөлігі заңсыз соттаудың салдарынан келтірілген зиян қылмыстық процестi жүргiзетін органның кiнәсi бар-жоғына қарамастан, толық көлемде республикалық бюджеттен өтелетінін регламенттейді.

Қинау - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Полицейлерден көрген қорлығы үшін жас ана 1,5 миллион теңге өтемақы алатын болды
"Апелляциялық сатыдағы сот қана талапкерге қатысты қолданылған ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасының күшін жойған. Арызданушы үкім шыққан күннен бастап ақталғанға дейін сотталғанның мәртебесінде болды. Осы екі айдың ішінде оның құқықтары шектелді, салдарынан М. ар-ождан тұрғысынан қиналды. Заңсыз соттау М.-ның жабығу, шарасыздық, көңілі қалу, қорлау және ұялу сезімдерін бастан кешуіне түрткі болды, сондай-ақ оның іскерлік беделіне кері әсер етті. Қылмыстық қудалау органдарының жоғарыда айтылған әрекеттерінің салдарынан талапкердің моральдық зиян шеккендігі туралы уәждері негізді деп танылды", — деп түсіндірді Жоғарғы сот.

 Жергілікті соттар заңсыз сотталғанның құқықтарын қалпына келтірмеген, үкімде М.-ны оңалту қажеттігі көрсетілмегендіктен, сәйкесінше оның моральдық зиянды өндіріп алу құқығы жоқ деген негізсіз қорытынды жасаған. Негізінде ҚПК-нің 37-бабының 1-бөлігіне сәйкес ақталған адамның мұндай құқығы бар.

Жоғарғы Сот, баяндалғандардың негізінде шығарылған сот актілерінің күшін жойып, М.-ның талап арызын ішінара қанағаттандырды. Қаржы министрлігінен талапкердің пайдасына моральдық зиянның өтемақысы ретінде 100 000 теңге өндірілді.

 


Жаңалықтар
0