АСТАНА, 15 қаңтар — Sputnik. "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ жаңа құрылымы бекітілді, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.
"Басқарма шешімі бойынша, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат Қоры" АҚ жаңа құрылымы бекітілген. Жаңа құрылымға сәйкес, басқарушы директорлар саны 10-нан 5-ке дейін, департаменттер мен құрылымдық бөлімшелер саны 37-ден 27-ге дейін қысқартылды және басқарма төрағасының орынбасары қызметіне бір штаттық бірлік енгізілді", — делінген хабарламада.
Құрылымдағы өзгерістер басқарудың оңтайлылығы (мобильділігін) мен тиімділігін арттыру, "Самұрық-Қазына" қорының трансформациясы процесіне терең үңілу, активтерді басқаруда сатылы құрылым енгізу және қор құрамына кіретін ұлттық компаниялардың экономикалық тиімділігін арттыру мақсатында жасалды.
Жаңа құрылым биыл 11 қаңтардан бастап қызмет етеді.