АСТАНА, 14 қаңтар – Sputnik. Қостанай облысында бұзылған лифтен өздігінен шықпақ болған жасөспірім көз жұмды, деп хабарлады Alau.kz.
Қайғылы оқиға Лисаковте 12 қаңтарда болған. Ақпаратты қала прокуроры Еркін Тайкешов растады. Қадағалау органының мәліметінше, лифте екі жасөспірім қалып қойғаны туралы хабарлама сағат 16:00-де түскен.
"Жасөспірімдердің бірі өздігінен шықпақ болған, осы сәтте лифт қозғалысқа келген. Оқиға орнында 2002 жылы туған жасөспірімнің мәйіті табылды. Екіншісі аман. Ол қауіпсіз жерге шығарылды", — деді прокурор.
Қазіргі таңда, оның айтуынша, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, сараптама тағайындалды.