АСТАНА, 11 қаңтар – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі статусы айқындалмаған 3,2 млн адам бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы ведомство вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жақында Елбасы Қазақстан халқына жолдауында еңбек және халықты қорғау министрлігін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесі бойынша сынға алған еді. Президент ведомство тапсырмаға атүсті қарап, жауапсыздық танытқанын айтты.
"Елбасының сыны орынды, министрлік мұны ескереді. Өткен жылдың сәуірінде біз ешқандай бағдарламаға қатыспайтын, зейнетақы жарнасын төлемейтін, жеке кәсіпкер немесе студент емес, мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік төлем алмайтын азаматтарды анықтау бойынша үлкен жұмыс жүргіздік. Нәтижесінде 18 млн адамның ішінде 5 млн 661 мың азаматтың статусы айқындалмаған болып белгіленді. 2017 жылдың көктемінен бері 2,5 млн адамның статусы айқындалды. Ал қазір қалған 3,2 млн адам бойынша жұмыс жүріп жатыр", — деді Жақыпова.
Вице-министр статусы белгісіз 3,2 млн адамның кімдер екеніне тоқталды.
"504 мың адам – басқа өңірге немесе шетелге кеткендер, 363 мың адам – нақты басқа елге кеткендер болып белгіленді. Қазір олармен ішкі істер министрлігі айналысып жатыр. 123 мыңы студенттер болып айқындалғанмен, білім және ғылым министрлігінің мәліметтер базасында олар студент ретінде көрсетілмеген. Туысқандары мен көршілерінен сұрау арқылы 17,5 мың адамның қайтыс болғаны анықталды", — деді вице-министр.
Сонымен қатар, Жақыпованың ақпаратынша, елімізде 940 мың адам бүгінде ресми жалақы алмайды, яғни еш жерде тіркелмей еңбек етіп жүргендер.
"Ресми жалақысыз жұмыс істейтіндер саны – 940 мың адам. Яғни, осыншама адам жалақысын конвертпен алады, тиісінше бұл азаматтар алған жалақысынан бюджетке міндетті төлемдер төлемейді, зейнетақы жарнасын аудармайды, әлеуметтік сақтандыруға да аударым жасамайды. Қазір осы 940 мың адаммен қаржы министрлігі айналысып жатыр", — деді ол.
Сондай-ақ, оның айтуынша, өздерін жеке кәсіпкер деп таныстырған 178 мың азамат та қаржы министрлігінің мәліметтер базасында кәспкерлікпен айналысатын тұлға ретінде тіркелмеген. Яғни олар ешқандай салық төлемейді, зейнетақы жүйесіне қатыспайды.
"Сонда есептесеңіздер, елімізде 1 миллионға тарта адам өздерінің қызметін заңдастыруы керек", — деп түйіндеді министрдің орынбасары.