АСТАНА, 11 қаңтар — Sputnik. Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты екінші ауысымда оқитын оқушыларға сабақ болмайды.
"11 қаңтарда ауа райының қолайсыздығына байланысты (дабылды ескерту) қала мектептерінің ЕКІНШІ ауысымындағы 0-11 (12) сынып оқушыларына және колледждердің 1-2 курс студенттеріне сабақ болмайды", — деп жазылған Астана қаласының Білім басқармасының хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада боранда мектеп оқушысы жоғалып кетті. Бұл ақпаратты елорда ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі София Қылышбекова растады.
"Бала 2009 жылы туған, 2-сыныпта оқиды, есімі Руслан. Ата-анасы сабақ болмайтынын айтып, үйден шықпауын ескерткен. Алайда бала тыңдамай, таңғы сағат 07:44-те мектепке барамын деп шығып кеткен. Қазіргі таңда полицейлер оқушыны іздестіріп жатыр", — деді ІІД жетекшісі.