АСТАНА, 7 қаңтар — Sputnik. Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Рождество мерекесімен құттықтауын жариялады.
"Қымбатты отандастар! Еліміздің барша православ христиандарын Рождество мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жарқын мереке гуманизмнің, рақымдылықтың, мейірімділіктің, жақынына деген сүйіспеншілік пен қамқорлықтың мызғымас дәстүрі ретінде қазіргі заманның дәнекеріне айналды. Республикамыздың православ христиандары біздің ортақ үйімізде бейбітшілік пен келісімнің сақталуына зор үлес қосып келеді", — деп жазылған құттықтауда.
"Соның арқасында біз елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтай алдық, экономика мен қоғамдық дамуда айтарлықтай табыстарға қол жеткіздік.Осындай айтулы күні Отанымыздың игілігі жолындағы адал еңбектеріңіз бен игі істеріңіз, ізгі ниеттеріңіз бен жарқын ойларыңыз үшін ризашылығым мен алғысымды білдіремін. Әр үйге, әрбір қазақстандыққа амандық пен молшылық, сүйіспеншілік пен береке, бейбітшілік пен бақыт тілеймін!", — деп түйіндеген Нұрсұлтан Назарбаев.