АСТАНА, 6 қаңтар — Sputnik. Алматыда ұл-қызы тастап кеткен атақты физикке қарапайым адамдар қолұшын соза бастады, деп хабарлайды КТК.
Білікті физиктің аянышты өмірі көпті бей-жай қалдырмады. Оның қаңғыбастар мекенін паналап жүргені жайлы ақпарат тарағаны сол екен, жанашыр жандар сонда ағылыпты. Әрі 72 жастағы ғалымды үйсіз-күйсіздер арасынан алып шыққан. Тіпті, Қазақ-Британ техникалық университеті Сапарбай Арыновты қанатының астына алуға ниетті.
"Жақын біздің достарымыз бар, институттарымыз бар солар қазір күтіп ортыр. Жұмысқа аламыз деп жатыр. Бізде университетімізде өзіміздің типографимыз бар. Оның кітабын шығара аламыз", — дейді ҚБТУ Президентінің кеңесшісі Тоғжан Қожалиева.
Әрі көп ұзамай физикке жатақханадан орын бермек. Әзірге ол кәсіпкерлердің қолдауымен қонақүйде тұрып жатыр. Бірақ, жалғыздық жаныма батты деген ғалым еркіндікте ішімдікпен дос болып алған сыңайлы. Соған қарамастан, болашақ физиктерді оқытуды армандайтынын мәлімдеді. Айта кетсек, қарияның бір ұл, бір қызы бар. Бірақ, олар әкелерін бірде-бір рет іздеп келмепті.
Сапарбай Арынов кезінде ядролық физика институтында жемісті еңбек еткен. Тіпті, зертхана меңгерушісі қызметіне дейін көтерілген. 60-қа тарта ғылыми еңбегі бар. Соның бәрі ескеріліп, физика-математика ғылымдарының кандидаты атанған. Оның еліміздегі физика ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқанын бұрынғы әріптестері де растады. Ал, жақындары өзектен тепкен соң, бірнеше жыл бойы өз күнін өзі көрген. Тек биыл бір топ жігіттің шабуылына тап болып, қаңғыбастар мекеніне бармасқа амалы қалмапты. Ол әлеуметтік бейімдеу орталығында да құр жатпай, авторлық кітабын жаза бастаған. Оны басып шығаруға жас ғалымдар да ат салысамыз деп отыр.