АСТАНА, 31 желтоқсан — Sputnik. Алматы облысының полицейлері жас жігітті өлтірген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметі хабарлағандай, Алматының 44 жастағы тұрғыны екі жыл бұрын Қарасай ауданында болған адам өліміне қатысы бар деген күдікпен ұсталды.
Іс материалдарына сәйкес 2015 жылы 23 қыркүйекте Қарасай ауданындағы саяжайлардың бірінен жас жігіттің денесі табылды. Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары үш күдіктіні анықтады. Екеуін ізін суытпай ұстайды, қашып кеткен үшіншісіне мемлекетаралық іздеу жарияланды.
29 желтоқсанда күдікті Алматыда жалдамалы пәтерлердің бірінен табылды. Қылмыстық тергеу ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі (адам өлтіру) бойынша жалғасып жатыр. Ұсталған адам уақытша ұстау абақтысына қамалды.