АСТАНА, 29 желтоқсан — Sputnik. "Алматы-Өскемен" тасжолында болған жантүршігерлік жол апатынан 4 адам қаза тауып, тағы біреуі жарақат алды, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға облыстық ІІД.
Шеңгелді ауылына жақын маңда Volkswagen Vento және КамАЗ көлігі жол апатына ұшырады.
Алматы облысының ІІД баспасөз қызметі алдын ала мәлімет бойынша 34 жастағы жеңіл көліктің жүргізушісі ара қашықтықты сақтамай, бағыттас жүк көлігімен соқтығысқанын хабарлады.
Оқиға орнында жеңіл көлік жүргізушісі мен үш жолаушысы (бәрі ер адам) қаза тапқан. Көлік салонында болған 21 жастағы қыз түрлі жарақатпен Қапшағай ауруханасына жеткізілді.
"ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлімінде қарастырылған жол апаты дерегі бойынша тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды" — деп хабарлады полиция.