АСТАНА, 27 желтоқсан — Sputnik. Полиция елордалық вокзалға бомба қойылды деп жалған хабар берген ер адамды ұстады, деп хабарлайды Астана қаласының көліктегі ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
27 желтоқсанда түнгі сағат бір кезінде "112" нөміріне белгісіз бір адам хабарласып, Астана қаласының ескі теміржол вокзалына жарылғыш құрылғы орнатылғанын хабарлаған.
Оқиға орнына барлық жедел қызмет шұғыл келіп жетті. Вокзал аумағы қоршалып, 150 адам қауіпсіз жерге шығарылды, олардың 50-і – теміржол қызметкері, 100-і – жолаушылар.
Ғимаратты тінту барысында жарылғыш құрылғы табылған жоқ. Аталған дерек жалған терроризм бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарының бірыңғай реестріне тіркелген.
Жедел іздеу шаралары нәтижесінде вокзалдағы "бомба" туралы хабарлаған 64 жастағы ер адам ұсталды, қазір уақытша ұстау изоляторында отыр.
Вокзал штаттық режимде жұмыс істеп, пойыздар кешіктірілген жоқ.
Жалған хабар берген қарт адам алты жылға сотталуы мүмкін.