АСТАНА, 25 желтоқсан — Sputnik. Қазақстандық гроссмейстер Динара Сәдуақасова Біріккен Араб Әмірліктерінде Asian Chess Excellence Awards 4-ші жыл сайынғы жүлдесінің марапаттарын тапсыру салтанатында 2017 жылдағы ең үздік шахматшы қыз деп танылды.
Азия шахмат федерациясы (АШФ) ұйымдастырған Азия шахмат саммиті 21-23 желтоқсанда Эль-Айн қаласында (БАӘ) өтті. Саммитке Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Берік Балғабаев қатысты.
2017 жылы шахматтан Қазақстан құрамасы алғаш рет Ашхабадтағы (Түрікменстан) Азия ойындарында бірінші орынды иеленді. 23 жасқа дейінгілер арасындағы жылдам шахматтан командалық чемпионатта гроссмейстерлер Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлік бастаған Қазақстан құрамасы финалда Қытай командасын жеңді.
"Біздің спортшылардың жеңісімен мақтанамын. Динара Сәдуақасованы құттықтаймын, оған жаңа жеңістер тілеймін", – деді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Берік Балғабаев.