АСТАНА, 25 желтоқсан — Sputnik. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов ауа райының қолайсыздығынан жолда тұрып қалған хоккейшілер жақын маңдағы колледжге орналастырылғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Павлодар облысында бірнеше автобус жолда тұрып қалды. Қазіргі таңда ол көліктердің барлығы жолға шықты. Тек Өскемен-Павлодар тас жолында хоккей клубы қалып кеткен. Оқушылар қазіргі таңда колледжге орналастырылды. Жақын уақытта олар да жолға шығады", — деді Иманқұлов.
Оның айтуынша, хоккейшілер жарыстан келе жатқан. Жедел ақпарат бойынша автобуста 25 адам болыпты.
"Ауа райының қолайсыздығынан азаматтардың қар құрсауында қалып қою фактілері бар. Қазір барлық факті бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қатты жауын-шашын мен көктайғақтан "Алматы-Екатеринбург" тас жолында, Спасск кентінің аумағында 60-қа жуық көлік жолда тұр. Олардың дені жүк көліктері. Қазір оқиға орнында "Қазавтожол" ЖШС, жергілікті полиция қызметі бөлімшелері, ТЖД құтқару жасақтары жұмылдырылды. Қажетті шаралар қолға алынды", — деген Иманқұлов қазақстандықтарға ауа райы бұзылған күндері алыс жолға шықпауға кеңес берді.