АСТАНА, 25 желтоқсан — Sputnik. ЕЦ-166/10 түзету мекемесінің басшысы, әділет полковнигі Әбен Н.С. мен оның орынбасары, әділет майоры Мұсаев Т.О. "Астана ЭКСПО-2017" АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегиявке түрмеде қолайлы жағдай жасағаны үшін сот қаулысымен қамауға алынды, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астананың қатаң тәртіпті колониясы қызметкерлері сотталған шенеунікке көптеген басымдық беріпті.
"Аты аталған тұлғалар Т. Ермегияевке ішімдік ішіп, ұялы телефон мен интернетті пайдалануға, қалаған адамымен кез келген уақытта кездесуге заңсыз рұқсат берген", — делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2016 жылы маусымда "Астана ЭКСПО-2017" бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев пара алып, бюджет қаражатын қымқырғаны үшін 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.