АСТАНА, 21 желтоқсан — Sputnik. Оtyrar.kz арнасындағы "Жаңа күн" бағдарламасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлік қоғамы ОҚО филалының бөлім басшысы Әбдімұрат Исабаев зейнетақы қорындағы ақшаны кімдердің толық алуға құқы бар екенін айтты.
"2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлеу тәртібі өзгереді. Қазіргі таңда барлық азаматқа базалық зейнетақы 14 466 теңге төленетін болса, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы ол ең төменгі күнкөріс деңгейі болып есептелінеді, соның 54 пайызы 10 жылға дейін еңбек өтілі бар немесе мүлдем еңбек өтілі жоқ азаматтарға төленеді. Ал қалған 100 пайыз алу үшін өзінің еңбек өтілін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек кітапшасы арқылы дәлелдеп, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі зейнетақы жинақтаушы қорына төленіп жатқан жарналар есебінен еңбек өтілін дәлелдеу арқылы әрбір жылға 2 пайызға қосылып отырады, жаңағы 54 пайыздың үстіне әрбір жыл еңбек өтіліне 2 пайыздан қосылып 100 пайызға дейін алуға мүмкіндігі бар. Келер жылдан бастап 33 жылдан жоғары еңбек өтілі бар азаматтар базалық зейнетақыны толық алуға мүмкіндігі болады", — деп түсіндірді ол.
Бөлім басшысы 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұлғайту мәселесі жайлы толығырақ айтып берді.
Исабаев "Кімдер зейнетақыны біржолата ала алады?" деген сұраққа да жауап берді.
"Биыл шыққан азаматтарымыз зейнетақы қорындағы ақшасын біржолата алуға өтініш беретін болса, жиналған сомасына байланысты алады. Бірінші, екінші топтағы мүгедек азаматтар егер де мүгедектігі мерзімсіз болса, онда олар да өтініш тапсырып, зейнетақы қорындағы ақшасын алуға мүмкіндігі бар", — деп түйіндеді ол.