АСТАНА, 20 желтоқсан — Sputnik. Алматыда "Барыс 4" базарында жеті контейнер өртенді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, деп мәлімдеді Алматы ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.
Контейнерлер жанып жатқаны туралы хабар Алматы қаласы ТЖД "101" пультіне бүгін сағат 04:31-де түскен. 10 минуттан соң оқиға орнына өрт сөндірушілердің алғашқы легі келді. Жалын үлкен аумақты шарпығандықтан қосымша күштер тартылды.
"Өрт сөндірушілер келгенде контейнер қатары өртке оранып, екінші қабатқа және «Барыс 4» базары көпфункционалды кешенінің төбесіне тараған. Оқиға орнында штаб ұйымдастырылды", —деп мәлімдеді Баймұхамбетова.
Белгілі болғандай, жеті азық-түлік контейнері өртенген. Тілсіз жауды ауыздықтау кезінде алты газ баллоны шығарылды. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында жақын орналасқан құлшылық бөлмесіне зиян келген жоқ.
Өрт сағат 06:12-де сөндірілді. Жалын 900 шаршы метр аумақты шарпыған. Өртті сөндіруге жеке құрамның 96 адамы мен 27 дана техника жұмылдырылды.