АСТАНА, 16 желтоқсан — Sputnik. Орал қаласында Ұлттық ұлан сарбаздары жоғалғандар қатарында тіркелген ер адамды тапты, деп хабарлайды ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" ӨҚ баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің ақпаратынша, әскери жасақ басшысы Дәурен Сағындықов, қатардағы патрульдік сарбаздар Бекзат Садинов пен Оралбек Мыңтөре Жуков көшесінде №13 үйдің жанындағы гараждардың маңында мас ер адамды байқап қалады. Нұсқау бойынша әрекетке көшкен сарбаздар қоғамдық тәртіптің бұзылғаны туралы дереу кезекшіге хабар береді.
Үсті басы кір-қожалақ ер адам қасына келген сарбаздардың ескертуін елемеген.
Патруль ұсталған азаматты жақын маңдағы полиция учаскесіне жеткізді.
"Тексеру барысында Р. есімді Орал тұрғыны ұзақ уақыт із-түзсіз жоғалған адам ретінде іздеуде болғаны анықталды", — делінген хабарламада.
Қызметтік міндетін орындау барысында қырағылық танытып, көзге түскен әскери жасақ бөлім командирінің құқығымен көтермеленді.