АСТАНА, 16 желтоқсан — Sputnik. Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайдың орталық телеарнасы – CCTV арнасына сұхбат берді. Жас жұлдыздың сұхбаты инстаграмдағы парақшасында бес бөлімге бөлініп жарияланған.
Димаш Singer жобасының финалына шығып, жеңіске жету оңай болмағанын айтты.
"5-6 жасымнан бастап жарты күнім білім алумен, күннің екінші жартысы музыкалық мектепте өтті. Қазір жүрегімде де, миымда да музыка. Singer жобасы өмірімді айқындап берді десем қателеспеймін", — дейді әнші.
Димаш 22 жастағы балаға Қытай сахнасында мықты әншілермен бақ сынасу үлкен құрмет болғанымен, бір жағынан үрей туғызғанын жасырмады. Сондай-ақ, қазақстандық жұлдыз өзін де, өнерін де ұнатпайтын жандар бар екенін айтты.
"Мені жақтырмайтындар да бар, өнерімді тамашалағысы келмейтіндер де бар", — дейді ол.
Димаштың айтуынша, туған жерінен жырақта жүрген адам достарының қасында да жалғызсырайды.
"Адам жалғызсырайды. Қанша жерден қасыңда достарың болса да, туған жердің топырағы жібермейді, оны мойындау керек", — дейді әнші.
Сұхбат соңында жас жұлдыз өмірін музыкасыз елестете алмайтынын, өмірлік миссияларының бірі ән айту екенін жеткізді.