АСТАНА, 16 желтоқсан — Sputnik. Тепловоз бен ГАЗель соқтығысуы салдарынан аяғынан айырылған он жастағы қыз есін жиды, деп хабарлайды lada.kz.
Балалар ауруханасының емдеу бөлімі директорының орынбасары Әлия Әшімова айтып өткендей, қыз баламен психологтар сөйлесіп, түсіндіріп жатыр.
"Қыздың тілі әлі түсініксіз. Дәрігерлерді көрсе, қорқып, жылай бастайды. Ата-анасын таниды. Өзі тамақтанады. Беті бері қарап қалғанымен, хәлі ауыр. Күн сайын психологтар ата-анасымен және қызбен сөйлесіп, жұмыс жүргізуде", — деді Әлия Әшімова.
Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, Ақтау мен Жаңаөзен ауруханаларында тағы төрт зардап шегуші емделіп жатыр.
25 қараша күні күндіз Маңғыстау облысында теміржол өткелінде ГАЗель мен тепловоз соқтығысты. Жол апаты салдарынан 10 адам қаза тауып, 20-дан астамы ауыр жарақат алды.