АСТАНА, 15 желтоқсан – Sputnik. Астанада екі қыз Италия азаматын ұрып-соғып, тонап кетті, деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметі.
Оқиға осы жылдың қазан айында болған. Қыздардың бірі әлеуметтік желі арқылы Италия азаматымен танысып, сауда орталығында кездесуге уағдаласқан.
"Танысып-біліскеннен кейін екі құрбы шетел азаматымен бірге сыра барына барады. Барда түнгі 23.00-ге дейін болып, үйді-үйге тараспақшы болып сыртқа шыққан. Осы сәтте екі қыз көшеде жан баласы болмағанын пайдаланып, ер адамды бетінен таспен ұрып, "Айфон 6S" маркалы ұялы телефонын тартып алған", — делінген хабарламада.
Астана қаласы №2 Алматы аудандық сотының үкімімен қос құрбы айыпты деп танылды. Сот біреуін 4 жылға, екіншісін 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.