АСТАНА, 15 желтоқсан — Sputnik. Тәуелсіздік күні қарсаңында жылдағы дәстүр бойынша президент Нұрсұлтан Назарбаев елдің дамуына еңбек сіңірген азаматтарға мемлекеттік наградалар мен мемлекеттік сыйақылар табыстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы "Астана ЭКСПО-2017" Ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовке, "Тенгизшевройл" ЖШС менеджері Руслан Қуатов және белгілі палуан, Олимпиада чемпионы, "Жақсылық" шаруа қожалығының басшысы Жақсылық Үшкемпіровке "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын берді.
"Отан" орденімен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және "Степное" ЖШС директоры Аманғос Төлеуов марапатталды.
III дәрежелі "Барыс" орденін алғандардың ішінде президенттің көмекшісі Нұрлан Онжанов, жазушы Әнес Сарай бар.
Президент "Парасат" орденін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа, бұрынғы Бас прокурор, Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановқа, Әділет министрі Марат Бекетаевқа, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке, М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртісі Меруерт Өтекешоваға табыс етті.
Ал Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев "Құрмет" орденін алды.