АСТАНА, 11 желтоқсан — Sputnik. Бүгін ОКҚ-де өткен брифингте қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин қолдануға тыйым салынған станозолол препараты қанынан қалай табылғанын өзі де түсінбейтінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Не болып жатқанын өзім де түсіне алар емеспін. Біз дәрумен қабылдаймыз, ресми нұсқа бойынша спорттық тағам, түрлі дәрі-дәрмектер. Мүмкін бар мәселе сонда шығар. Арада өте көп уақыт өтті, ол кезде 20-24 жаста едім. Мені де мазалайтын сұрақтар көп. Өкінішке қарай, жағдай солай болды. Тапса, енді бір нәрсе болған шығар мүмкін. Қолдан келер ештеңе жоқ. Әрі қарай жұмыс істеу керек", — дейді Ильин.
Дисквалификация заң бұзушылық анықталған сәттен бастап, яғни 2016 жылдың 10 маусымында күшіне енді.
Осылайша, Ильиннің спорттан шеттетілу мерзімі 2018 жылдың маусымында аяқталады, содан кейін спортшы Токиода өтетін Олимпиадаға қатыса алады.
Айта кетсек, Илья Ильин – үш түрлі салмақ дәрежесінде төрт дүркін әлем чемпионы, 94 келі салмаққа дейінгі Азия ойындарының екі дүркін чемпионы.