АСТАНА, 11 желтоқсан — Sputnik. Астананың 20 жылдығы құрметіне Алматыда тұрған немесе туған, елорданың қалыптасуына үлес қосқан қайраткерлер "Астана – ардағым" сыйлығымен марапатталды, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
"Бүгінде Астана – қалыптасқан саяси орталық, жаңғыру символы және өзге өңірлерге үлгі. Астана әлем таныған қалаға айналды, Елбасының аса зор халықаралық беделі арқасында мұнда ЕҚЫҰ-ның, Ислам ынтымақтастығы ұйымдарының саммиттері, Азияда өзара ынтымақтастық және сенім шаралары бойынша кеңес, әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съездері өтті. Астанада халықаралық "ЭКСПО-2017" көрмесінің өтуі елеулі әлемдік оқиға болды. Қазақстан астанасын көшірген әрі қаланы "қолдан жасаған" алғашқы мемлекетке айналды. Президент айтқандай, "өте ауыр 1990 жылдары Астана бізді қанаттандырды, үміт отын жақты және үлкен қиындықтарды жеңе білуге үйретті", — деді Байбек.
Қала әкімі Алматыда Тәуелсіздік жарияланғанын, Конституцияның қабылданғанын, ұлттық валютаның енгізіліп, мемлекеттік рәміздер бекітілгенін атап өтті. Алматы қазіргі кезде қаржы және экономикалық магнит ретінде еліміздің саяси орталығы – Астананы үйлесімді толықтыра түсуде.
"Алматылықтар – ғылым, білім, өнер, спорт қайраткерлері, әрине, мемлекеттік қызметкерлер алғашқылардың бірі болып Астананың іргесін қалады және барша қазақстандықпен бірге жас астананың қалыптасуына зор үлес қосты. Біз сол үшін үнемі мақтанамыз! Астананы көшіру Еуразия жүрегінде жаңа әрі заманауи қаланың пайда болуына ықпал етті, Алматыға жаңа өмірлік леп әкелді. Біздің қаламыз Орта Азиядағы ірі мегаполиске, еліміздің іскерлік орталығына айналып, "орта тапқа" қуатты серпін берді. Елбасының тұрақты қолдауы арқасында мәдениет, білім, спорт, туризм дамуда. Қаламыздың келбеті де өзгерді – инфрақұрылым жаңғырды, заманауи нысандар, мектептер, балабақшалар, ауруханалар салынды. Алматы аумағы екі есеге ұлғайды, екі жаңа – Алатау және Наурызбай аудандары пайда болды. Бүгінгі күні біз еуропалық стандарт бойынша қала кеңістігін барынша ауқымды түрде жаңғыртудамыз", — деді Байбек.
"Астана – ардағым" сыйлығы 20 категория бойынша берілді, олар – білім мен ғылым, сәулет пен құрылыс, денсаулық сақтау, спорт, өнер, кинематография, журналистика және әдебиет салалары.
Номинанттарды іріктеу конкурстық комиссияның http://astana.ardaq.kz сайтында ашық дауыс беру арқылы жүзеге асты.
Астананың қалыптасуына үлес қосқаны үшін "Астана – ардағым" сыйлығының лауреаттары атанғандар:
1. Астананың ғылым саласында дамуына қосқан үлесі үшін – Орталық мемлекеттік музей директоры Нұрсан Әлімбай;
2. Астананың спорт саласында дамуына қосқан үлесі үшін — бұрынғы туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов;
3. Астананың денсаулық сақтау саласында дамуына қосқан үлесі үшін – Алматыдағы №1 перзентхананың бас дәрігері Наурызбай Рақышев;
4. Астананың білім саласында дамуына қосқан үлесі үшін – ғалым, жазушы Мырзатай Жолдасбеков;
5. Астананың құрылыс саласында дамуына қосқан үлесі үшін – "Базис-А" құрылыс корпорациясының басшысы Александр Белович, инженер- құрылысшы Осман Шаханов;
6. Астананың сәулет саласында дамуына қосқан үлесі үшін – Қазақстанның сәулетшілер одағының президенті Ақмырза Рүстембеков;
7. Астананың инновация саласында дамуына қосқан үлесі үшін – дәрігер, инфекционист Қарлығаш Әбдиева;
8. Астананың өнер саласында дамуына қосқан үлесі үшін – Көркемөнер академиясының президенті Амандос Ақанаев, мүсінші Болат Досжанов және дизайнер Құралай Нұрқаділова;
9. Астананың әдебиет саласында дамуына қосқан үлесі үшін – жазушы және журналист Рамазан Думан, ақын Райымбек Маралтай;
10. Астананың ақпарат саласында дамуына қосқан үлесі үшін – "Айқын" газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, фотограф Максим Золотухин және 31-арнаның бас продюсері Нұржан Мұхамеджанова;
11. Астананың кинематография саласында дамуына қосқан үлесі үшін – режиссер Ермек Шынарбаев және актер Әділ Ахметов;
12. Астананың музыка саласында дамуына қосқан үлесі үшін – композитор Марат Омаров және әнші Нағима Есқалиева.
Еске салсақ, келер жыл – Қазақстан астанасы үшін мерейлі жыл. Алматыда Астананың 20 жылдығын мерекелеуге арналған бірқатар ауқымды мәдени шара – концерттер, фестивальдер, көрмелер өткізу жоспарланған.