АСТАНА, 8 желтоқсан — Sputnik. Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов барлық мемлекеттік медициналық органдарға әлеуметтік желіде жарияланған халықтың шағымын бақылап отыруды тапсырды.
Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Есмағамбетов мәлімдегендей, медициналық қызметтерді сипаттаушы көрсеткіштердің бірі – халықтың шағымдану деңгейі.
"Талдау көрсеткендей, шағымдану деңгейі былтырғы жылғы көрсеткішпен бірдей – 26%. Арыз-шағымдардың көпшілігі Астана қаласы, Алматы облысы, Маңғыстау облысы бойынша жасалған", — деді Есмағамбетова жұма күні коллегияда.
Биыл халықтың негізгі наразылығы жасалған ем, тексеру және диагностикаға қанағаттанбау салдарынан туындапты.
Есмағамбетова бұл статистиканың ресми қағазбен, электронды түрде және жеке блогта айтылған арыз-шағымдар бойынша жасалғанын атап өтті. Ал әлеуметтік желідегі халықтың наразылығы бұл жерде ескерілмейді екен.
"Әлеуметтік желідегі барлық шағымдарды оқып, ескеріп, міндетті түрде жауап беру мәселесін қарастыруды ұсынамын. Бүкіл аймақтық департаменттерде, денсаулық сақтау басқармалары мен комитеттерінде әлеуметтік желілерде жеке парақшалары болуы тиіс", — деді департамент басшысы.
Министр Есмағамбетованың ұсынысына қолдау білдірді.
"Жеке парақшалардың бәрін қарап отыру мүмкін емес, бірақ әлеуметтік желідегі өз парақшаларыңызға шағым түсетін болса, тіркеп, сол жерде жауап беріп отыруға міндеттісіздер. Министрлікте отырып алып, соның бәрін бақылап, сіздерге қайта жіберіп отыруымыз жөн емес. Бар деген аты ғана емес, шын мәнінде қызмет етуі керек. Министр, әкімнің блогынан кем емес. Сол бойынша жұмыс істеу қажет", — деді Біртанов.
Ол барлық медициналық мемлекеттік мекемелерге жыл соңына дейін негізгі әлеуметтік желілерде парақшаларын ашуды тапсырды.