АСТАНА, 6 желтоқсан — Sputnik. Зерттеуші Берік Әбдіғалиұлы Санкт-Петербург музейлерінің бірінен Кенесары ханға тиесілі ежелгі кісені тауып алды.
Саяси ғылымдар докторының айтуынша, өткен жүзжылдықтың басында белбеуді Ресей этнографиялық музейіне "Алаш Орда" үкіметінің мүшесі Сейілбек Жанайдаров тапсырған.
"Алаш әскері тақырыбын зерттеп жүріп, Сейілбек Жанайдаровтың 1915 жылы Санкт-Петербургтегі Ресей этнографиялық музейіне Кенесары ханның кісесін тапсырғаны туралы дерек кездестірдім. Бұл жәдігер "Ксе – пояс киргизского хана Средней Орды" деген атпен аталған музейдің қорында бүгінгі күнге дейін сақталған екен. Оны мәдениет және спорт министірі Арыстанбек Мұхамедиұлымен Санкт-Петербургтегі музейге барғанда өз көзімізбен көруге мүмкіншілгі туды", — деп жазды зерттеуші Фейсбуктегі парақшасына.
Оның айтуынша, Сейілбек Жанайдаров 1918 жылы Атбасар Алаш әскери дивизионын құрған әрі Алашорда үкіметінің кандидат мүшесі болған азамат.
Батырдың ұрпақтары Кенесары хан өзін өлімнен бірнеше рет қорғап қалғаны үшін әрі көрсеткен ерліктері үшін аталған кісені Жанайдар Орынбайұлына тарту еткенін айтқан екен.
"Жалпы Кенесары өз батырларына соғыста көрсеткен ерліктері үшін орден-медаль орнына алғыс ретінде үлкен сый-сияпат, марапаттайтын дәстүрі болған. Сондай-ақ Көкшетау шайқасында жеңіске жеткені және шынайы ержүректік көрсеткені үшін Кенесары Ағыбай батырға атасы Абылай ханнан қалған қанжарды тарту еткен екен. Бұл туралы ақпаратты жақын арада толығырақ көрсетемін", — деп түйіндеді ол.