АСТАНА, 5 желтоқсан — Sputnik. Маңғыстау билігі қарашаның соңында теміржол өткелінде тепловоз бен микроавтобустың соқтығысуы салдарынан зардап шеккен адамдардың жағдайы туралы ақпарат таратты.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі атап өткендей, 25 қараша күні Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы маңында болған жол апатынан зардап шеккендердің он жетісі (17 адам) ауруханадан шығып, үйлеріне аман-есен оралды.
Дәрігерлердің хабарлауынша, әлі 9 жолаушы ем қабылдап жатыр. 2 науқас хирургиялық бөлімде, 3 адам травматология бөлімінде орташа ауыр халде. Ал, жағдайы ауыр 2 адам жансақтау бөлімінен әлі ауыстырылмаған.
Жаңаөзен қалалық әкімдігінде жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендердің отбасыларына моралдік және материалдық көмек көрсету үшін жұмыс тобы құрылған болатын. Қазіргі таңда жұмыс тобы қайтыс болғандардың отбасыларына қажетті материалдық көмекті көрсетуде.
«Қазақстан темір жолы» АҚ қайтыс болған 9 адамның отбасына 1 млн теңгеден, ауыр жарақат алған 9 адамға 600 мың теңгеден және орташа және жеңіл жарақат алған 18 адамға 300 мың теңгеден берді.
Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету мақсатында қоғамдық қор құрылып, қала тұрғындары мен облыс аумағында орналасқан мекемелерден 300 мың теңге аударылған.
Естеріңізге сала кетейік, 25 қарашада Жаңаөзен қаласы — Теңге ауылы арасындағы темір жол өткелінде жолаушылар тасымалдаушы №3 қоғамдық көлігі мен тепловоз соқтығысқан болатын. Апат кезінде 8 жолаушы қайтыс болып, 27-сі жарақат алған еді.