АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. "Астана" халықаралық қаржы орталығы келесі жылдың қаңтарында жұмысын бастайды, ал ресми ашылу салтанаты шілде айында өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін орталық басқарушысы Қайрат Келімбетов үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Үлкен жұмыс атқарылды, міндеттерді шешу мен мақсаттарға жету бойынша тиімді жұмыс жүргізілді. Қажетті жағдай мен бизнес-климат, нормативтік-құқықты инфрақұрылым құру инвестиция тартуға ғана емес, жергілікті қаржы қызметтері нарығын дамытуға септігін тигізеді", — деді Келімбетов.
Оның айтуынша, қаржы орталығы 2018 жылдың басында толық жұмыс істей бастайды.
"2018 жылға қарай қаржы орталығы алғашқы транзакцияларға толықтай дайын болады. Бұл уақытқа дейін АХҚО жергілікті сараптау орталығына айналуы мүмкін, ал ұлттық компаниялардың акцияларын (IPO) жариялы түрде орналастыру жергілікті капттал нарығын дамытуға мүмкіндік береді", —деді ол.
Келімбетов 2018 жылы акциялар мен борышқорлық құралдар шығаруды қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ болашақта АХҚО биржасында Қазақстан нарығы үшін жаңа құралдар іске қосылуы мүмкін.
"Астана" халықаралық қаржы орталығы жаңа Жібек жолын дамыту аясында өңірге инвестиция тарту кеңсесіне айналады", — деді орталық басқарушысы.
Сондай-ақ ол 2018 жылдың шілдесінде АХҚО-ның ресми халықаралық ашылу салтанатын өткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.