АСТАНА, 4 желтоқсан — Sputnik. Алматы облысында Ұзынағаш ауылына жақын жерде жолаушылар автобусы жол апатына ұшыраған, деп хабарлады ішкі істер департаменті баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне.
"Таңғы сағат 8-де Алматы-Бішкек автожолының 62-ші километрінде жол апаты болды. ІІД-не түскен мәлімет бойынша, екі адам қаза тапқан. Ұзынағаш ауылындағы аудандық ауруханаға он адам жеткізілген, олардың бірі кәмелеттік жасқа толмаған. Оқиға орнында полиция жұмыс істеп жатыр", — деп мәлімет берді полиция.
ІІЖ мәліметінше, Шымкенттен Алматыға аттанған автобуста 43 адам болған. Бастапқы болжам бойынша, 41-жастағы жүргізуші көктайғақ салдарынан рөлге ие болмай, автобус трассадан құлап кеткен.
Жол апаты дерегі бойынша қылмыстық тергеу басталды.