АСТАНА, 2 желтоқсан — Sputnik. Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты, қоғамдық қайраткер Бақыт Сыздықова №7 мектептің әжетханасының жағдайын сынға алды.
Экс-депутат Facebook парақшасына мектептегі қыздардың әжетханасын суретке түсіріп жариялаған. Әжетханада унитаздарды бөліп тұратын жеке кабинкалар жоқ болып шықты. Содан кейін ол ер балалардың және ұстаздардың әжетханасына кіріп көріпті. Көргенінің бәрін суретке түсірген ол Астана білім беру басқармасына сауал қойды.
"Мектептердің көпшілігі кеңес дәуірінен бері келе жатқанын түсінемін, бірақ тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толды емес пе! Унитаздар тіз қатар тізіліп тұр, аралары бөлінбеген!" — деп наразылық білдірді Сыздықова.
Оның айтуынша, ұстаздардың әжетханасында бәрі бар, бірақ лас. Ал мүгедектерге арналған әжетхана мүлдем істемейді екен.