Қоғам

Сегіз қырлы, бір сырлы: біз білмейтін Елбасы қандай?

© Photo : akorda.kzНұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Sputnik Қазақстан Тұңғыш Президент күніне орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты басқа қырынан танытып, тұлғалық болмысын аша түсетін материал ұсынады

АСТАНА, 1 желтоқсан — Sputnik, Нұргүл Абай. Бүгін — ҚР Тұңғыш Президенті күні. Нұрсұлтан Назарбаевты егемен елдің кемеңгер басшысы, көреген саясаткер ретінде барша қазақстандықтар ғана емес, төрткүл дүние таниды. Алайда 18 миллион халқы бар Қазақстанды басқарып отырған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыстан тыс уақытта немен айналысады? Сүйікті ісі, хоббиі қандай? Тұңғыш Президент күніне орай Sputnik Қазақстан Елбасының тұлғалық болмысын ашуды жөн көрді.

Іле Алатауының баурайында туып-өскен Назарбаев тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, таза ауамен тыныстап, "тірі" табиғатпен етене араласқанды жақсы көреді. Аз уақытқа болса да, Қазақстанның, өзі жұмыс сапарымен барған алыс-жақын шет елдердің көз қарықтырар әсем жерлерінде болуға тырысады.

© Photo : akorda.kzЕлбасы табиғат аясында
Елбасы табиғат аясында - Sputnik Қазақстан
Елбасы табиғат аясында

Елбасы кейінгі кездері журналистермен Ақордада емес, табиғат аясында жүздесуді әдетке айналдырғанын байқауға болады. Мәселен, Назарбаевтың бірде Ұлытауда, енді бірде Бурабайда сұқбат беруі сөзімізге дәлел.

Президенттің бір сөзінде "мен дүниедегі адамдар демалатын әдемі жерлердің бәрін көріп шыққан адаммын" деуі де оның қаншалықты Жер-Анаға, табиғатқа жақын адам екенін аңғартады.

"Әу" демейтін қазақ жоқ демекші, құйқылжыта ән айтып, күмбірлете күй шертетін өнерден тұңғыш президентіміз де кенде емес. Мерекелік жиын-тойларда Елбасының талай рет қолына домбыра алып, ән шырқаған кездері болды. Мемлекет басшысының отбасында ата-анасы әрдайым ән-күй тыңдауды ұнататын және өздері де ән сала білетін. Әсіресе анасы Әлжан Назарбаева әнді жақсы айтатын. Оның сол қабілет-дарыны ұлына берілгені сөзсіз.

Президенттің үш ән шығарғаны, сонымен қатар еліміздің әнұраны мәтінінің телавторы екені де баршаға белгілі.
Ал Елбасының сүйіп тыңдайтын әндері — "Жұлдызым", "Көзімнің қарасы", "Беу, айдай", "Сәулем-ай".

Президенттің қолы жұмыстан қалт еткен кезде айналысатын тағы бір сүйікті ісі — кітап оқу. Назарбаев бос уақытының басым бөлігін оңашада кітап оқуға арнайды. Оның сүйікті кітаптары қатарында Абай, Мұхтар Әуезов сияқты белгілі қазақ жазушылары мен ақындарының туындылары бар.

Ал жеке кітапханасындағы сөрелерден Сәкен Сейфуллинің көп томдығын, Фариза Оңғарсынова, Ілияс Есенберлиннің кітаптарын, әлемдік классикадан — Достоевский, Шекспир, Стендальдің туындыларын байқауға болады.

© Photo : AkordaBaspasozНұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасы
Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасы - Sputnik Қазақстан
1/3
Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасы
© Photo : AkordaBaspasozНұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасы
Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасы - Sputnik Қазақстан
2/3
Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасы
© Photo : AkordaBaspasozНұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасы
Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасы - Sputnik Қазақстан
3/3
Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасы
1/3
Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасы
2/3
Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасы
3/3
Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке кітапханасы

Нұрсұлтан Назарбаев — спортты жанына серік еткен президенттердің бірі. Бала кезден атқа мінгенді жақсы көреді.

Әсіресе, шаңғы спортына қатты қызығады. Өзінің айтуынша, алғаш тау шаңғысын аяғына 55 жасында байлапты. Содан бері Нұрсұлтан Назарбаевты Шымбұлақ шатқалында және басқа да таулы курорттарда жиі көруге болады.

Тенниске қызығушылығы 40 жастан асқаннан кейін оянған. Ракетканы еркін меңгерген ол кортқа жүйелі түрде шығып тұрады. Өз кезінде Мемлекет басшысының лайықты әріптесінің бірі Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельцин болды. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев матчтарға жиі қатысып, өзінің тамаша бабында екенін көрсетіп қана қоймай, жаңа бастаған теннисшілерге шеберлік дәрісін де өткізіп тұрады.
"Бұрын теннис дәстүрі болмаған біздің елімізде, қазір спорттың осы түрін дамыту тұрғысынан үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Мысалы, менің өзім теннисті 40-тан асқасын ойнай бастадым. Бүгінде бүкіл елімізде, өңірлерде теннис орталықтары салынып, оны танымал ету жұмыстары жүргізілуде", — дейді Назарбаев.

Президенттің тағы бір әуес ісі — гольф. Назарбаев өзге де белгілі әлемдік саясаткерлер және бизнесмендердің қатарында түрлі халықаралық турнирлерге жиі қатысады.

Бұған қоса, Украинада оқып жүрген кезінде күреспен де айналысқан.
Жас кезінде волейбол да ойнаған.

"Мен спортпен тұрақты түрде шұғылданамын. Бұл мен үшін қалыпты жағдай, үйреншікті әдетіме айналып кеткен. Теннис ойнаймын, әсіресе жазда атқа мінгенді жақсы көремін. Тау шаңғысымен айналысамын. Күн сайын 45 минутымды аэробика мен фитнеске арнаймын", — деген еді президент бір сұқбатында.

Назарбаевтың тағы бір жаңа хоббиі — сурет салу. Бұл туралы президент журналистермен кездесуінде айтқан болатын.

"Неге сурет салып көрмеске деген ой келді маған. Бұрын мектепте сурет салатын едім", — деген еді президент.

 

Жаңалықтар
0