АСТАНА, 30 қараша — Sputnik. Қостанай облысында марихуана тұтынғаннан кейін рөлге отырып, қызды қағып өлтірген ер адамға сот үкім шығарды, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Тамыз айында ол есірткі шегіп, Toyota автокөлігіне отырған. Кейінірек оның марихуана тұтынғаны анықталды.
Ер адам жылдамдықты арттырып, Боровской ауылындағы жол қиылысында қызды қағып кеткен. Соттың мәліметінше, 21 жастағы қыз оқиға орнында көз жұмды.
Сот 32 жастағы ер адамды кінәлі деп тауып, 4,5 жылға соттады. Ол сондай-ақ бес жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
Сотталушы зардап шегуші тарапқа 3 миллион теңге көлемінде моральдық және материалдық шығын төлеуі тиіс.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.