АСТАНА, 30 қараша — Sputnik. Алматыда алаяқтық жасады деген күдікпен заңгер ұсталды, клиенттер оған "жоғары жақпен" байланыс арқылы мәселені шешкені үшін ақша төлеген.
Полицейлер жедел деректер мен бастапқы тергеу нәтижелерін ұсынды.
"Азаматша Баширова А. қалада заңгерлік кеңсе ашқан… Алаяқ әйел кеңсесінде заңгерлік қызмет көрсетіп қана қоймай, заңға қайшы "ерекше" қызмет көрсетулерді де ұсынған екен. Дәлірек айтқанда, лауазымды тұлғаларға пара беру арқылы клиенттердің құқықтық мәселелерін шешіп беруге уәде берген. Ол әртүрлі ведомстволарда беделді тамыр-таныстарының барын айтып, тиісті сомаға кез келген проблеманы шешіп беремін деп мәлімдепті. Бұл қызметтерді тек қалталы клиенттерге ғана ұсынған. Аңғал клиенттер келісіп, көрсетілетін қызмет үшін ірі көлемде қаражат төлеген, 6 мың доллардан 20 мың долларға дейін", — деп хабарлады Алматы ІІД баспасөз қызметі.
Айлакер клиенттердің сеніміне кіріп, 50 мың доллар көлемінде қымқырған. Қазіргі уақытта Бостандық ауданы бойынша Башированың қатысы болуы мүмкін жеті қылмыс анықталды.
"Алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полицейлердің мәліметінше, әйел адам бұрын да дәл осы қылмыс үшін сотталған. Ол кезде 8 жылға бас бостандығынан айрылыпты.