АСТАНА, 29 қараша — Sputnik. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік қызмет көрсету саласында жасанды интеллект технологиясын енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлады мемлекеттік корпорация басқарма басшысы Серік Кенжебаев Астанадағы "Мемлекеттік басқарудағы инновациялық технологиялар: Цифрлық Қазақстан" конференциясында.
"Бұл ұзақ мерзімді жоба, оны жүзеге асыруды қолға алдық. Жасанды интеллект әртүрлі дереккөздерден ақпарат жинап, машиналық оқыту есебінен дамитын болады, сондай-ақ бұрынғы өтініштер негізінде түрлі мәлімет береді. Деректер көзі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтер, арыздар талдауы және бірыңғай контакт-орталығына түскен ұсыныстар, азаматтардың әлеуметтік желілерде, жаңалықтар таспасында қалдырған жазбалары болады", — деп түсіндірді Кенжебаев.
Жасанды интеллектті енгізбес бұрын электронды үкімет eGov.kz платформасын, 1414 бірыңғай контакт-орталығын мемлекеттік корпорация қарамағына өткізу және өтініш берушінің қызмет көрсетулерге еш қиындықсыз қол жеткізуін қамтамасыз етуге арналған жалпы платформа құру әрі дамыту шаралары атқарылады.
Мемлекеттік корпорация қызмет көрсетулер барысында ірі көлемде деректер жинайтын болады — Big Data. Оларды өңдеу әрі талдау қызмет көрсету сапасын арттыруға септігін тигізбек.
Сонымен бірге, ХҚКО-тарында клиенттердің қызмет көрсетуге қаншалықты қанағаттанғандығын тексеру жүйесі енгізілмек, ол үшін азаматтардың көңіл-күйін бақылайтын бейнебақылау камералары орнатылады.
Бір жағынан, мамандардың айтуынша, халықтың өз-өзіне қызмет көрсете алтын цифрлық орталықтарын — e-ХҚКО-тарын енгізу арқасында кәдімгі ХҚКО-тарына келушілер саны қысқармақ. Алғашқы цифрлық орталық 20 қарашада Астанада ашылды.
"Цифрлық ХҚКО — бұл мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа форматы, мұнда азаматтар қоғамдық кіруге рұқсат пункттері, мемлекеттік корпорация арнайы павильондарындағы Connection point өз-өзіне қызмет көрсету секторының көмегімен электронды өтініш бере алады. Осылайша бұл бағытты жүзеге асыру халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартып, халықтың цифрлық сауаттылығын арттырады, фронт-кеңселердің жүгін азайтады", — деп ойын түйіндеді Кенжебаев.