АСТАНА, 29 қараша — Sputnik. Жер шарында ЕАЭО-ның бастауында тұрған үш мемлекеттен жақын ел жоқ, деп мәлімдеді Беларусь президенті Александр Лукашенко. Ол Минскте президент Нұрсұлтан Назарбаевты қабылдау кезінде Қазақстан, Ресей және Беларусьтің ерекше қарым-қатынасын атап өтті, деп хабарлайды Sputnik Беларусь.
"Біз (ЕАЭО-ны құрған Беларусь, Ресей және Қазақстан — Sputnik) одан әрі дамуымыз керек", — деді Лукашенко.
Қазақстан-Беларусь байланысына тоқталған ол екі ел сауда-экономикалық қарым-қатынастың құлдырау кезеңін еңсергенін атап өтті. Осы жылдың 9 айы ішінде сауда айналымы 485,8 миллион долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60%-ға ұлғайды.
"Сіздің сапарыңыз сауда айналымының өсуіне серпін береді деген ойдамын. Ал қол қойылғалы отырған келісімдер алға жылжуымызға түрткі болады", – деді Лукашенко.
Сондай-ақ, президент Беларусь пен Қазақстан арасында саяси тұрғыда ешқандай келіспеушілік жоқ екенін, керісінше, барлық мәселе бойынша көзқарасы ұқсас екенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Астананың Минскпен қарым-қатынасы жоғары стратегиялық деңгейге шыққанын және оның дамуына қандай да бір кедергі жоқ екенін атап өтті.