АСТАНА, 28 қараша – Sputnik. Пәкістанның Карачи қаласында жас жұбайлардың өліміне қатысы бар 10 адам ұсталды, деп хабарлайды lenta.ru.
Тергеушілердің айтуынша, туысқандары 24 жастағы Абдул Хади мен 19 жастағы Хасина Бибиді рұқсатсыз некеге отырғаны үшін өлтірген. Қылмыс өткен аптада жасалыпты.
Жас жұбайларды өлтірді деген күдікпен жігіттің әкесі және екі отбасының тоғыз мүшесі ұсталды. Жауап алу барысында ер адамдар екі жасты джирга – тайпа кеңесінің бұйрығымен салт-дәстүрді бұзып, қорлағаны үшін пышақтап тастағанын мойындады.
Пәкістанда "ар-намыс үшін өлтіру" кең тараған. Адамдар отбасын масқаралаған туысқандарын өздері өлтіріп жатады. Көп жағдайда мұндай қылмыстың құрбаны әйелдер мен қыздар болады.