АСТАНА, 28 қараша — Sputnik. Алматыда қарулы "жихадқа" шақырған бір топ азамат ұсталды. Бұл туралы Алматы ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді.
Қазір ҚР ҚК 256-бабы 1-тармағы бойынша (терроризмді насихаттау немесе террорлық акт жасауға ашықтан-ашық шақыру) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Ұсталған азаматтар – А.Жұмағұлов, О.Өміров және К.Әбішевке қатысты қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасын таңдау туралы шешім қабылданды.
Тергеу нұсқасына сүйенсек, күдіктілер тіркелмеген қоғамдық ұйым атын жамылып, Алматыда қоғамдық тәртіпті бұзу, халықты қорқыту, сондай-ақ құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтіру бойынша акция ұйымдастырмақшы болған.
Күдіктілер анонимді бейнеүндеуде бетперде, Қазақстанда тыйым салынған "Хизб-ут-Тахрир" діни-экстремистік партиясының символикасы мен қару-жарақ қолданған. Қазір қару-жарақтың кімге тиесілі екені анықталып жатыр. Бейнеүндеуде ұсталған азаматтар заңға қайшы жаппай іс-әрекеттер жасауға шақырған.
Ұсталғандардың тұрғылықты жерін тінту кезінде аталған ролик, электронды тарату құралдары, сондай-ақ діни әдебиеттер тәркіленіп, тергеу материалдарына тіркелді.
Сонымен қатар, күдіктілер өз қызметіне азаматтарды көптеп тартуға әрекеттеніп, ниеттес адамдарды іздеп, тұзаққа түсіріп отырған.
Қазір тексеріліп жатқан нұсқалардың бірі бойынша, аталған топ шетелде қашып жүрген қылмыстық элементтердің кеңесі бойынша әрекет еткен.
Қазіргі таңда Жұмағұлов, Өміров пен Әбішев Алматы ІІД тергеу абақтысына жабылды. Қылмыстық топтың өзге қатысушыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу кезеңінде бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселе шешіліп жатыр.