АСТАНА, 28 қараша — Sputnik. ҚХР Орталық әскери кеңесінің мүшесі, генерал-полковник және Қытай әскері бас саяси басқармасының бұрынғы басшысы Чжан Ян өз-өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды Сa-news.org.
Қайғылы оқиға 23 қараша күні болған.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, осы жылдың тамызында Чжан Янға қатысты тексеріс басталған. Нәтижесінде генерал-полковниктің Орталық әскери кеңес төрағасының бұрынғы екі орынбасары – Го Босюн мен Сюй Цайхоудың сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бары анықталды. Олар офицерлерден қызметін көтеру үшін ақша алды деп айыпталды.
Біріншісі пара алғаны және қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылса, екіншісі тергеу процесі кезінде қайтыс болған.
Басылымның жазуынша, Си Цзиньпин жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында Қытай армиясында жаппай кадрлық тексеріс жүргізіп жатыр.