АСТАНА, 27 қараша — Sputnik. Мемлекеттік академиялық неміс драма театры Мұхтар Әуезовтің "Қарагөз" спектаклін сахналайды. Бұл туралы бүгін ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекеттік академиялық неміс драма театрының директоры Наталья Дубс Мұхтар Әуезовтің "Қарагөз" спектаклі Еуропа аудиториясына жаңа, инновациялық нұсқада көрсетілетінін айтты.
"Біздің театрға қазақ драматургиясының жауһары – Мұхтар Әуезовтің "Қарагөз" пьесасын әлемдік сахнада қою мүмкіндігін бергендеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Біз үшін Еуропадағы қойылым өте маңызды. Бұл шығарма қазақ драматургиясында алғаш рет неміс тіліне аударылып отыр. Жоба біздің әріптесіміз Гете институтымен бірлесіп әзірленді. Туындыны еуропалық аудиторияға лайықты таныстыру үшін 4 жыл еңбек еттік. 2012 жылы қолға алып, аудармасын жасап, бүге-шүгесін ойластыра бастаған едік. Неміс театры Еуропада бұған дейін де талай рет болды, десек те қазақстандық шығармамен алғаш рет шыққалы отыр. Сондықтан бұл спектальге бар махаббатымызды, қиялымыз бен талантымызды жұмсадық. Еуропа көрермендері еңбегімізді бағалайды деген үміттеміз", —деді Дубс.