АСТАНА, 27 қараша — Sputnik. Ақмола облысында ауыл тұрғыны қомақты ақша салынған сейфті ұрлап әкетіп, оны қайда жасырғанын ұмытып қалған, деп хабарлайды ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Жақсы ауданының Қима ауылында 22 қараша күні түнде белгісіз біреу шаруа қожалығының бірінші қабаттағы кеңсесіне терезе арқылы кіріп, 3 190 000 теңге, мөр мен құжаттар жатқан сейфті ұрлап әкеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам ғимаратқа түскенде мас болған. Ол сейфті сол жерде аша алмай, өзімен бірге алып кетіп, жасырып қойған, бірақ қайда жасырғанын ұмытып қалған.
Ұрлық дерегі бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлімі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Ұрланған сейф табылып, иесіне қайтарылды. Күдікті жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.