АСТАНА, 27 қараша — Sputnik. Алматыда сәрсенбі күні Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, бұрынғы әнұран авторларының бірі Мұзафар Әлімбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтеді.
Мұзафар Әлімбаев 26 қараша күні 95 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Халық ақынымен қоштасу 29 қараша күні сағат 10:00-де Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрда өтеді, деп хабарлады Қазақстан жазушылар одағы.
1948 жылы Армиядан оралған соң, "Пионер" журналында поэзия бөлімін басқарады. 1956–1958 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары. 1958 жылы "Балдырған" журналы ашылған күннен 1986 жылға дейін журналдың Бас редакторы болды.
Алғашқы кітабы – "Қарағанды жырлары" 1952 жылы басылып шықты. Содан бері бірнеше ондаған кітабы, бірнеше дүркін таңдамалылары, туысқан халықтар тілінде көптеген жинағы шықты.
Жүз сексен әнге өлең жазды. 64 төл тума және аударма кітаптардың авторы.
Шығармалары 20 тілге аударылған. Соның ішінде орыс тілінде 6 кітабы, түрікмен тілінде "Мен – түрік мейманы" (1963), қырғыз тілінде "Жолдар. Ойлар. Жырлар"(1966) жинақтары жарық көрген.
1982 жылы "Аспандағы әпке" жинағы үшін республикалық Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, "Отан" орденімен марапатталған.