АСТАНА, 27 қараша — Sputnik. Алматылық футзал клубы "Қайрат" испан командасы "Интер-Мовистарға" УЕФА кубогында ұтылып, төрттік финалына өте алмай қалды, деп жазады Sports.kz.
Ойын D тобының мини-турнирі аясында испан қаласы Торрехон-де-Ардоста өтіп, 5:3 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Жеңімпаздар арасынан гол иелері: Ортис (2-ші минут), Элисандро (6-шы), Рикардинью (16-шы) және Гадейя (34-ші және 39-шы, пенальтиден). "Қайрат" құрамында гол соққандар: Алешандре Мораес (4-ші) пен Лео (8-ші және 21-ші).
Бұдан бөлек, "Қайрат" үш рет алаңнан қуылуды бастан кешірген. Әуелі клуб президенті Қайрат Оразбеков пен бас бапкер Какау қызыл карточка алса, кейін 34-ші минутта, қақпашы Игита екінші сары карточкасын алып, алаңнан қуылды.
Осылайша, төрттік финалында "Интер", португал командасы "Спортинг", венгриялық "Дьер" мен "Барселона" бақ сынасады.
"Төрттік финалы" 2018 жылы сәуірде қатысушылардың бірінің алаңында өтпек.