Қоғам

Алматыдағы егіздер өлімі: әкесі балаларын қалай өлтіргенін айтты

CC0 / pixabay.com / Бала
Бала - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жасқа толмаған сәбилерді аяусыз өлтірді деген күдікпен ата-анасы ұсталған

АСТАНА, 25 қараша — Sputnik. Балаларын өлтірді деген күдікпен ұсталған Өзбекстан азаматы, жиырма тоғыз жастағы Эмиль Гильмутдинов Алматыдағы сотта жасқа толмаған егіз ұлдарын қалай өлтіргенін айтып берді, деп хабарлайды КТК.

Балалар - Sputnik Қазақстан
Оқиға
Тоңазытқыштан табылған балалар оқиғасы: бір жасар егіздердің жазығы не?

Эмиль Гильмутдиновтың сөзіне сенсек, бейкүнә сәбилерді арақтың буымен өлтіріпті. Әрі әйелімен арадағы ұрыс та себеп солған көрінеді. Негізі қаскөйдің балалары  Салауат пен Ринатқа әкелік махаббаты болмаған. Өйткені, сәбилердің көзін жоймас бұрын, балалар үйіне тапсырмақ болыпты. Тек ешбірі қабылдамаған. Бар кінәсін мойындаған ол Алла Волченконы ақтап отыр. Яғни, әйелі қылмыстан бейхабар болған. Ал, бұған дейін, ұлдарды екеуінің келісіммен өлтіргені айтылған еді.

"Балаларды өлтіру туралы шешім қабылдағанда, миым істемей қалды. Оған қоса, әйеліммен ұрысып қалдым. Арақтың буы тағы бар. Болған жағдайдың жартысы есімде жоқ. Ұлдарды тұншықтырған соң, дірілдей бастадым, өкіндім, не істерімді білмедім", — дейді қаскөй әке.

Туған ұлдарының өлімі үшін айыпталып жатқан Волченконың өзі де Эмиль Гильмутдиновтың арам пиғылы туралы мүлдем білмедім дейді. Сол күні егіздер қасақана өлтіріліп жатқанда, ол үлкен ұлымен қыдырып жүрген. Дәмхана жағалап, арақ ішкен. Жалдамалы үйге түн ішінде қайтқан әйел сәбилерін іздемепті де.

"Келесі күні егіздерді сұрадым. Ол балалар үйіне тапсырғанын айтты. Мен ашулана бастадым. Кейін Эмиль мені арақ ішуге мәжбүрледі. Қорқытты. Артынша, өзіміздің пәтерге бардық. Егіздер онда да болған жоқ. Мазасызданып, айқайға бастым. Ал, ол тынышталмасаң, үлкен ұлды да өлтіремін деп қоқан-лоқы көрсетті", — дейді марқұм егіздердің анасы.

Осылай бар кінәні азаматтық некедегі күйеуіне жапқан әйел марқұм сәбилерін еске түсіріп, жылап та алды. Сондай-ақ, Волченконың бұған дейін ұрлық үшін істі болғаны анықталды. Ал, Салауат пен Ринаттың өлімі туралы 4 күн өткенде ғана білдім деп отыр. Үлкен ұлдың қараусыз қалуына да күйеуін кінәләді. Болары болған соң, бұл екеуі өз-өздеріне қол салмақ болыпты. Бірақ, ойлары іске аспай, 12-інші қыркүйекте полицияға өз еріктерімен барған. Мұны прокурор да растады. Тек тергеу барысында ерлі-зайыптылардың бәрін бірлесе жасағаны дәлелденген.

"Ұлдарды өлтіру туралы ұсыныс жасаған  Гильмутдинов. Волченко бұған келіскен. Сөйтіп, екеуі ойларын жүзеге асыру үшін әдейі басқа үйді жалға алады. Егіздер өлтірілгенше, әйел үлкен ұлымен қыдырып жүріпті. Ал, Эмиль бірінші Салауатты тұншықтырған. Артынша, Ринатты өлтіреді. Кейін мәйіттерді сөмкеге салып алып, пәтерден пәтерге көшіп жүрген", — дейді Расул Есдәулетов, мемлекеттік айыптаушы.

Қылмыс қыркүйектің жетісінде болғанымен, тоңазтқыштағы мәйіттер 5 күннен кейін табылған болатын. Жағымсыз иісті бірінші көршілері сезіпті. Ал, маскүнем екеудің көшеге тастап кеткен үлкен ұлы қазір балалар үйінде. Оның алдағы тағдыры осі іс бойынша шешім шыққаннан кейін белгілі болады.

Жаңалықтар
0