АСТАНА, 23 қараша — Sputnik. Талғар тұрғыны қызғаныштан әйелін өлтірді, ата-анасының арасындағы жанжалға 13 жастағы қыздары куә болған.
Алматы облысы ішкі істер департаментінің мәліметінше, қанды оқиға 21 қараша күні көпқабатты үйлердің бірінде болған.
"Қылмысты жасады деген күдікпен зардап шеккен 36 жастағы әйелдің күйеуі ұсталды. Ол жантүршігерлік қылмысқа қызғаныштан барған. Қылмыс құралы табылып, айғақ зат ретінде тіркелді", — деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары ішімдікке сылқия тойып алған күдіктіні ұстады.
Полицияның мәліметінше, күдікті пышақты жуыну бөлмесіндегі кір киімдердің арасына жасырып, қылмыс қаруынан құтылмақшы болған.
Ұсталған азамат қылмысын мойындады, ол қамауға алынды.
Ерлі-зайыптының кәмелетке болмаған төрт баласы қалды.