Видеода өзге ұлт өкілі қазақ тілінде қазақ-қырғыздың бауырластығын сөз етеді.
"Ассалаумағалейкүм, құрметті қазақ-қырғыз бауырлар. Қырғызстаннан жақсы жігіттер видео жіберіп жатыр. Мен бұл сөзімді Қырғызстан президенті Атамбаев мырза тыңдайды деген оймен жазып отырмын. Бізде сөз бар: "біреуге тәтті өтірік ұнайды нақ, біреуге ащы шындық шырайлырақ". Шындығын айтсақ, мен және Қырғызстандағы достарым сізде әлі де түсіне алар емеспіз. Қазақ пен қырғыз тарихы ортақ, бауырлас халық екені барлығымызға мәлім шығар", — дейді жігіт.
Әрі қарай ол тарихқа үңіліп, ежелгі кезден бірге қылыш қосып, жоңғарларға қарсы соғысқанымызды, Ұлы Отан соғысы кезіндегі Панфилов дивизиясы қазақ пен қырғыздың балаларынан құралғанын, Шыңғыс Айтматов ағамыздың қазақ жеріндегі беделін айтып өтеді.
"Ақсақ қой түстен кейін маңырайды" демекші, сонша жыл президент бола тұрып, кететін кезде бір-бірінен қыз алып, бауыр болған халықтың ортасына балта салып отырғаныңыз мен үшін әлі түсінікті болмай тұр. Егер әр қазақ, әр қырғыз баласы татулық болсын десе осындай видео жазып, бір-біріміздің достығымызды көрсетейік. Менің ойымша, жақсы дүние шығады", — дейді қазақстандық видеода.
Видеоның астында пікір қалдырған желі қолданушылары оның қазақша сөйлегеніне тәнті болып, оны тіл білмейтін қазақтарға үлгі етеді.