АСТАНА, 23 қараша — Sputnik. Келесі жылы Ұлытауда визит-орталық пен этноауыл ашылады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Руxани жаңғыру бағдарламасының ең маңызды бағыты — "Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы". Киелі жерлер туралы айтқанда, ең алдымен Ұлытау есімізге түседі. Оны руxани жаңғыру бағдарламасының басты мега-жобасы ретінде қарастырып отырмыз. Бұл өлкенің бүкіл қазақ халқы үшін маңызы зор. Сол себепті Ұлытауда келесі жылы визит-орталығын ашамыз. Визит-орталығында бір терезе арқылы туристерге қызмет көрсетіледі. Ақпаратты әр жерден іздеп жүрмейді, бәрі осы визит-орталығында болады.Сондай-ақ, киіз үйлерден құралатын этноауылдың құрылысы жоспарланып отыр. Әзірге 50 киіз үй тігу ойымызда бар", — деді әкім орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында.
Қошанов, сонымен қатар, жыл сайын халықаралық этнофестиваль ұйымдастыру жоспарда бар екенін атап өтті.
"Этнофестиваль шетелдік туристер үшін тартымды болады деген ойдамыз. Болашақта Ұлытау толыққанды туристік орталық болады деп сенеміз. Бұл біздің арманымыз, бұл арманды орындау үшін барлық мүмкіндігіміз бар", — деген ол ЮНЕСКО құндылықтары тізіміне енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.