АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Оңтүстік Қазақстанда мұнай құбырынан шикізат ұрлаумен айналысқан топ ұсталды. Оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті және прокуратураның бірлескен жедел-тергеу тобы қолға түсірді, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Күдіктілер «Қазтрансойл» акционерлік қоғамының Павлодар-Шымкент бағытындағы мұнай құбырынан шикізат ұрлаған. 12 адамнан құралған қылмысты топ облыстың бірқатар ауданында мұнай құбырын ойып, сол арқылы қара алтынды ұрлап келген. Ал мұнай құбырын күзетуді қамтамасыз еткен "КМГ-Секъюрити" ЖШС қызмкеткерлері де бұл қылмысты топтың құрамында болған.
22 қараша күні өткен арнайы операцияның нәтижесінде қылмысты топтың 10 мүшесі ұсталды. Олардан мұнайды ұрлауға және өткізу орнына дейін тасымалдауға арналған құралдар мен тізбек цистернасы бар жүк тасымалдаушы автокөлік тәркіленіп алынған.
Қазіргі таңда қылмысты-процессуалды кодекстің 262-бабының 1 және 2-тармағымен, 188-бабының 3 және 4-тармақтарымен қылмыстық іс қозғалды.