АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Атырауда өз-өзіне қол жұмсаған ақтөбелік бойжеткеннің өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды. Қайғылы оқиғаның мән-жайын Атырау облысының прокуроры Ернат Сыбанқұлов фейсбуктегі парақшасында жазды.
Прокурордың айтуынша, Данара Қайып 6 қараша күні асылып қалған. Д.есімді азамат полицияға жүгініп, келіні Данара Қайыпты үйінің сарайында асылып қалған күйі тауып алғанын айтты.
«Іс материалдары сол күні ҚК 105-бабы 1-тармағы (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша бірыңғай реестрге тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталды. Мәйітті тексеру барысында қыздың мойнында странгуляциялық зақым бары анықталды, басқа жарақат ізі болған жоқ. Өлім себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама белгіленді. Әзірге оның қорытындылары дайын емес», — деп жазады прокурор.
Алдын ала мәліметтер бойынша, бойжеткен Атырауда тұратын жігітпен 2016 жылдың күзінде «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы танысқан. Сөйтіп екі жас араласа бастаған. Осы жылдың маусымында жігіт Ақтөбеге келіп, Данарамен кездеседі. Екеуі үйлену туралы шешім қабылдаған. Жігіттің айтуына қарағанда, қыз некеге өзі келісім беріп, онымен бірге Атырауға келген.
Жігіттің ата-анасы олардың бірге тұруына қарсы болмаған. Сөйтіп олар қайғылы оқиға болған күнге дейін азаматтық некеде болған.
Прокурор хабарлағандай, Данараға дейін атыраулық жігіттің басқа бір отбасы болғаны анықталды.
«2013 жылы ол бір бойжеткенмен танысып, кездесе бастаған. 2014 жылы қыздың жүкті екенін біліп, АХАЖ-да некені ресми түрде тіркейді, бірақ екеуі бірге тұрмаған. Екеуінің 2014 жылғы қыздары бар. Данара Қайыппен бірге тұрып жатқанда жігіт бұрынғы әйелімен ресми түрде ажыраспаған екен», — дейді Сыбанқұлов.
Жігіттің айтуынша, Данара оның бірінші некесі туралы білген, бұл мәселеде екеуінің арасында жанжал болмаған.
«Қазіргі таңда қылмыстық іс облыс прокуратурасының бақылауында. Іс бойынша бірқатар сараптама белгіленді, барлық нұсқа қаралып жатыр. БАҚ-та жарияланған материалдарда айтылған фактілер де тексерілуде. Тергеу нәтижелері туралы міндетті түрде қосымша хабарлаймыз», — деп жазды прокурор.