АСТАНА, 21 қараша — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысындағы созақтық спортшы 19 жастағы Қобыланды Орынбасаров Сеулде өткен гір тасын көтеру спортынан әлем чемпионы атанды. Ал, жаттықтырушысы Мұрат Серікбаев ардагерлер арасындағы жарыста әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында қараша айының 15-19 аралығында өткен жарысқа әлемнің 33 елінен 600-ге жуық спортшы қатысқан. Додада 73 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Қобыланды, 32 келі гір тасын ұзын циклды көтеруді 62 рет бағындырған.
Жаттықтырушысы Мұрат Серікбаевтың айтуынша, Қобыланды алғашқыда қазақ күресімен айналысқан екен.
"2014 пен 2015 жылдары гір тасын көтерудің қыр-сырын үйреттім. Аз уақытта үлкен нәтижелер көрсете бастады. Мәселен, осы спортпен айналысқан бір жылдың ішінде жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы, сол жылы Латвияда өткен Европа чемпионтында күміс жүлдеге қол жеткізген. Ал, келер жылы Ақтөбе қаласында жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. Биыл жастар арасына да еркін кіріп, ел біріншілігін ұтты. Өздеріңіз куә болып отырғандай жастар арасындағы ұлттық құрамаға мүше болып, Оңтүстік Корея мемлекетінде өткен әлем чемпионатының жеңімпазы болды",- дейді жаттықтырушы.
Ал, Мұрат Серікбаев 73 келі салмақ дәрежесінде 24 келіні қос сайыс бойынша 131 рет көтеріп күміс жүлдені алып отыр.
Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, оңтүстіктен шыққан жастар арасындағы тұңғыш әлем чемпионы Қобыланды Орынбасаров Алматы қаласындағы қазақ туризим және спорт академиясында 3 курста оқиды.