АСТАНА, 21 қараша — Sputnik. Оқиға Ақтау қаласының 4-шағын ауданындағы №43 үйде 19 қарашаға қараған түні болды. Көршілердің айтуынша, тамырын кескен ер адамды өзімен бірге тұрған қызы тауып алған, деп хабарлайды lada.kz.
Жедел жәрдемге қоңырау сағат 04:08-де түскен. Дәрігерлер ер адамның өлгенін анықтаған.
- Оқиға орнынан хат табылды, онда ол үй тұрғындарын айыптап, сонымен қатар алғыс білдірген. Оны тергеуші алып кетті, — дейді көршілері.
Көршілері қайтыс болған адам байсалды, иман жүзді еді дейді. Соңғы кездері басы жиі ауырып жүргенін айтқан екен.
— Ондайды ешкім күткен жоқ. Өмір осындай қадамға итермелесе керек. Ешкім жайдан-жай тамырын кеспейді ғой, — дейді көршілерінің бірі.
Ер адам қызын жалғыз өзі тәрбиелеп өсірген. Әйелімен 10 жыл бұрын ажырасқан екен.
Маңғыстау облысы ІІД-ге жолданған ресми сауалға жауап алынған кейін оқиғаның мән-жайы толығырақ жарияланады.